ТАБЫСТЫ БОЛУҒА ЖӘРДЕМДЕСЕТІН ЕКІ АЯТ
1. «Қадам жасауға күмәнданба!»: «...Алла барлық нәрсені Жасай алушы» («Әли Имран» сүресі, 189-аят).
Иә, ешбір адам өзінің болашағын болжай алмайды. Жасаған қадамының сәттілік әкелетіндігіне 100 пайыз сенімді де бола алмайды. Бірақ ол барлық нәрсеге қауқарсыз болса да, оның Раббысы барлық нәрсені Жасай алушы. Тек Оның көмегіне қаншалықты лайықсың? Өзіңнің тарапыңнан тиісті болған нәрселерді жасадың ба? Осы екі мәселені шешу керек адам – сен. Алланың көмегіне ие болу үшін оған адал бол. Оған тәуекел ету үшін қолыңнан келген барлық мүмкіндікті жаса.
2. «Табанды бол, жалқаулыққа берілме!»: «Біз үшін ынта-жігермен әрекет еткендерді – Өз жолдарымызбен жүргіземіз» («Рум» сүресі, 69-аят).
Ынта-жігермен әрекет етушінің соңғы аялдамасы – жеңіс, Аллаға ұнамды жол, жеңілдік. Алға қойған мақсатына табанды әрі жүйемен әрекет ететін адам – ең сенімді әдісті қолданушы. Табандылық пен жүйе – табысқа жетудің кілті. Бұл екеуінсіз бір биікке жеттім деу - бекерлік. Имам Ғазали бір сөзінде: «Тәтті армандар жалқаулардың жүрегінде қаза болады», - деген екен. Адам әрекет еткенде ғана түрлі мүмкіндіктерге жолығады. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, кім бай болмайды?» (Абай).
#асыларна #asylarna #еңбек #кәсіп #бизнес #талпыныс #АдалЕңбек #табыс