з Қолда бар заттарды қолдану.
Қыздар сұлу болу үшін не істемейді... Бет терісі, дене, шаш күтіміне қанша крем, тоник, лосьон алып, қыруар ақша құртамыз. Әрине біздің сұлулығымыз оған тұрарлық. Денеміз бен теріміздің берер рахметі де бар. Алайда кейде шығындарыңыз тым көп болып кетеді деп ойламайсыз ба? Оларды қалай қысқартса болады?
Кейде қол астымыздағы заттар заманауи крем мен лосьондарды алмастыра алады екен. Ал олардың табиғи заттар екенін ескерсек, әсері біріншілерден әлдеқайда жоғары болмақ. Мына табиғи заттарды қолданып та сұлулықты сақтаса болады екен.
Мұз. Кәдімгі мұздың бірнеше текшесін жұқа орамалға орап, бетіңіз бен мойыныңызды сүртіп шығыңыз. Осылайша қан айналымыңызды жақсартып, теріңіздің қартаюының алдын алуға болады екен. Бұл дауаны күнде кешке жасаған дұрыс. Мұз істелінетін су орнына түймедақ не басқа шөптің қайнатпасын қолдансаңыз, тіпті жақсы.
Шай. Шай құрамында полифенол атты жасарту эффектісіне ие қосылыстар бар. Шай терінің түсін жақсартып, шымырлығын қайтарады. Шай әзірлеп, суыған кезде оны жұмыртқаның ақуызымен араластырыңыз. Осы масканы бетіңізге жағып, 10 минуттан кейін жылы сумен жуыңыз.
Тұз. Майда тұзды аяқ табанын жұмсартуға қолданса болады. Легенді суға толтырып, жарты стақан тұз қосып, қоспаға аяғыңызды батырыңыз. Жібіген аяғыңыздың табандарын бірнеше минут тұзбен ысқылаңыз. Аяғыңызды таза сумен жуып, орамалмен сүрткен жөн. Дауадан кейін аяққа крем жағу керек.
Ашытқы. Ашытқы В тобының дәрумендеріне бай. Ал олар безеулердің пайда болуын алдын алады. 2 шай қасық ашытқыны жылы сүтке ерітіп, шыққан сұйықтықты бетіңізге жағыңыз. Масканың кебуін күтіп, кейін жылы сумен жуып тастаңыз.
Қасық. Бұл тізімге қасықтың қатысы қанша деп ойлайсыз ба? Қасық ұйқысыз түннің әсері - дақтар мен ісікті кетіре алады екен. Алдын ала мұздатқышқа қойылған қасықты көзге бірнеше минутқа қойсаңыз, ісік пен дақ басылады.